Жаңалықтар

Өскеменде «Алтай – түркі өркениетінің бесігі» атты халықаралық конференция өтті

14.12.2018

Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы аясында еліміздің ғалымдары «Алтай – түркі өркениетінің бесігі» ірі ғылыми шарасына қатысып, өз еңбектерін таныстырды.

Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінде өткен ауқымды шараға Әл Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің, Павлодар мемлекеттік педагогикалық уинверситетінің, Ә.Марғұлан атындағы археология институтының, Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының, «Қырым аралы» ғылыми-реставрациялау зертханасының ғалымдары мен ресейлік сарапшылар қатысты.

Конференция қонақтары әуелі «Үлкен Алтай» мұражайына саяхат жасап, өңір тарихын «Көне Алтайдың» макетінен тануға мүмкіндік алды. Кешке дейін жалғасатын шара екі кезеңнен тұрады. Түске дейін археолог Зейнолла Самашев, шығыстанушы Меруерт Абусеитова, суретші-реставратор Қырым Алтынбеков шеберлік сағаттарын өткізді.

Отырыста сөз алған ғалымдар Алтайды Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласына арқау болған құндылықтардың алтын бесігі ретінде дәріптеп, аса құнды ғылыми деректер ұсынды.

Белгілі философ Ғарифолла Есім бастаған конференция спикерлері «Қазақ даласындағы эталондық ескерткіштер», «Құрай-Шу металлургиясы», «Кенді Алтай өркениеті», «Шығыстың «шабандоз» мәдениеті», «Ботай» мәдениеті» тақырыптарын қозғап, тың деректерге толы баяндамалар жасады.